Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

COVID-19: Қарағанды шенеуніктері иттің етін жеп жүрген жұртқа алаңдаулы

Нақты айтқандары: "Адам иттің етінен инфекция жұқтырса, оның қасында коронавирус әншейін тұмау сияқты болып қалады".

COVID-19: Қарағанды шенеуніктері иттің етін жеп жүрген жұртқа алаңдаулы
фото: snntv.com

Бүгінде коронавирус пандемиясына байланысты Қарағанды облысының тұрғындары арасында иттің еті ерекше өтімді бола бастаған, деп жазады paryz.kz.

Бұл пандемияның жұртқа істетпегені жоқ қой. Қойдың құйрығын тегеш-тегешімен қылғытып, ақжелкеннің тамырын "жердің түбінен" тауып алып, қарақұстың жұмыртқасын іздеп, тіпті, есек сауған аңқау елге енді иттің етін жеп "емделу" қалыпты. Бұл туралы кеше Қарағанды қалалық мәслихатының отырысында айтылған.

Отырыста кәдімгідей зооқорғаушылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жергілікті депутаттар облыстағы жануарлар мәселелерін талқылаған ғой. Сол сәтте интернетте "коронавирустан айықтыратын" ит майын сату туралы хабарландырулардың пайда болғаны талқыға түсті. Қарағандылық шенеуніктердің дәйегіне сүйенсек, ондағы кейбір қоғамдық тамақтандыру орындары тыйым салынғанына қарамастан, тұтынушыларға әлі күнге дейін иттің етінен жасалған тағамдар ұсынатын көрінеді.

Зооқорғаушылар "иттің еті коронавирусқа қарсы панацея ретінде қызмет етеді деген пікір – миф" деп дабыл қағып отыр қазір. Егер естір құлақ, қойылар құлық болса.

"Азаматтар пайдаланатын иттің шығу тегі белгісіз екенін түсіну керек. Мұндай иттерді өз уақытында вакцинациялауы екіталай. Сондықтан термиялық өңдеуге келмейтін қауіпті инфекция адам ағзасына иттің еті арқылы енуі мүмкін. Сонымен қатар, ит қоқыс қалдықтарымен қоректенуі мүмкін. Демек, оның еті пайдалы болуы екіталай", – деп шыр-пыр етеді қарағандылық мамандар.

Сонымен, отырысқа қатысушылар "халықты мүмкіндігінше осындай дәстүрлі медицинамен айналысудың бұрыстығынан жиі хабардар етіп тұру керек" деген қорытындыға келді. Нақты айтқандары: "Адам иттің етінен инфекция жұқтырса, оның қасында коронавирус әншейін тұмау сияқты болып қалады".

Қазақ жағымсыз нәрсеге және жақтырмаған адамына қатысты "Иттің етінен жеккөрем!" дегенді бекер қолданбаса керек. Соған қарап та ойлануға болады ғой...