Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында ата-ананың қадірі мен өмірдің өткіншілігі туралы тебіренткен жазба жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.
Журналист бүгінгі буынның жақсы өмір сүруге, бала-шағасын жеткізуге, әлемді көруге ұмтылатынын айта келе, ата-аналардың көрген бейнетін еске алды.
Оның сөзінше, қазіргі адамдар «қиын» деп жүрген жағдайлар өткен буынның басынан кешкен ауыртпалықтың жанында түкке тұрмайды.
«Қазір "қиын" деп жүрген нәрселеріміздің өзі – олардың көрген қиындығының жартысының жартысы да емес шығар. Сондай бейнетті көріп өскен адамдардың қанағаты, қарапайымдылығы мен шүкіршілігіне таңғаласың», – деп жазды ол.
Сондай-ақ тележүргізуші анасының қартайып бара жатқанына жаны ауыратынын айтып, әкесінің бүгінгі елдің дамыған кезеңін көре алмай кеткеніне өкініш білдірді.
«Ішімнің ашитыны анамның көз алдымда қартайып бара жатқаны. Әкемнің еліміздің бүгінгі жағдайын көре алмай кеткені...», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Жазба соңында ол оқырмандарына ата-анасын тірісінде қадірлеп, денсаулығына көңіл бөліп, бірге өткізетін әр сәтті бағалауға шақырды.
«Ата-аналарыңызды тірісінде бағалаңыздар. Уақытты бірге өткізіңіздер. Жақындарыңыздың денсаулығына көңіл бөліп, уақытылы чек-аптан өтіп тұруын қадағалаңыздар. Өйткені өмір біз ойлағаннан әлдеқайда қысқа», – деп түйіндеді тележүргізуші.