Продюсер Гүлзира Айдарбекова әлеуметтік желіде үш әйелі барын айтып, отбасын асырауға қаржы жетпейтінін мәлімдеген ер адамның сөзіне пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұған дейін желіде белгісіз ер адам үш әйелімен бірге бақытты өмір сүріп жатқанын, алайда отбасында қаржылық қиындық барын айтып, көпшіліктен қолдау сұраған еді.
Оның айтуынша, басты мәселе – қаражаттың жетіспеуі. Бұл мәселеге қатысты ойын айтқан Гүлзира Айдарбекова еңбек етудің маңызын атап өтті.
«Ел не айтса да бәрібір болса, не үшін елді дүрліктіріп айтып жатыр екен. Еркек тұрмақ, мына заманда әйелдер балаларына тамақ керек болса еңбек етіп жүр. Әйелдері ыдыс жуса да өлмейді, жабыла жұмыс жасасын. Кейінгі кезде ақша сұрағыштар өте көп. Қазақ мейірімді халық болғанымен, дені сау адамдардың еңбек етудің орнына өзгеден көмек күтуі дұрыс емес», – деп жазды продюсер.
Сондай-ақ Айдарбекова бүгінде алаяқтық көбейіп кеткенін айтып, адал еңбекпен табыс табудың маңызын атап өтті. Оның сөзінше, түрлі сылтаумен халықтан ақша жинауды әдетке айналдырғандар көбейген.