Әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызы Айару әлеуметтік желіде өзіне жиі айтылатын сынға жауап беріп, қазақ тіліне қатысты ойын ашық жеткізді, деп хабарлайды paryz.kz.
Айару Тұрсынбекқызы Instagram парақшасында жариялаған видеосында көпшілік өзін қазақ тілін білмейді деп ойлайтынын айтып, бұл пікірдің шындыққа жанаспайтынын жеткізді.
Оның сөзінше, бала кезінде қазақ тілін жақсы меңгерген. Алайда 1-сыныптан бастап ағылшын тілінде білім алғандықтан, қазақ тілін күнделікті өмірде сирек қолдана бастаған.
"Мен қазақ тілін білемін. Қазақша сөйлеп, жазып, оқи аламын. Бірақ мектепке барғалы қазақ тілін ұмытып бара жатырмын. Себебі мен ешқашан қазақ мектебінде оқымадым. Барлық достарым орысша және ағылшынша сөйлейді. Маған қазақша сөйлегенім ұнамайды", – деді ол.
Айарудың айтуынша, отбасы мүшелері қазақша сөйлегенімен, өзі көбіне орыс тілінде жауап береді. Ол мұны қазақша сөйлегенде акцентінің байқалатынымен және өзін жайсыз сезінетінімен түсіндірді. Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде "Қазақсың ба, неге орысша сөйлейсің?" деген мазмұндағы пікірлердің жиі жазылатынын айтып, мұндай сөздер өзіне ауыр тиетінін жасырмады.
"Мен қазақ тілінде сөйлемесем, ол тілді білмеймін деген сөз емес. Маған бұл туралы жазуды доғарыңыздар. Менің таңдауымды құрметтейді деп үміттенемін", – деді Айару.
Желі қолданушылары оның мәлімдемесіне қатысты түрлі пікір білдіріп, бірі қолдау танытса, енді бірі мемлекеттік тілді күнделікті өмірде көбірек қолдануға шақырды.