Динара Сәтжанға қатысты іс бойынша сот процесі басталғаннан кейін Бағдагүл емші әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.
Ол жазбасында, егер айтқан сөздері журналистің көңіліне тиген болса, кешірім сұрайтынын айтты. Сонымен қатар сот отырысының мемлекеттік тілде өтуін талап еткенін жеткізді.
Бағдагүл емшінің сөзінше, ол орыс тілін білмейтіндіктен, өзіне тағылған кейбір сөздердің мағынасын түсінбейтінін алға тартқан.
«Мен соттың өз ана тілімізде өтуін талап еттім. Қазақстанда әр азамат өз ана тілінде сөйлеуі керек. Егер көңіліңізге тисе, кешірім сұраймын. Бірақ мен бұл кісіні одан әрі мазақтаған жоқпын», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол қазақ тілінің мәртебесін қорғауды қолдайтынын айтып, сот шешімі қандай болса да өз ұстанымынан айнымайтынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Динара Сәтжан мен Бағдагүл емшіге қатысты іс бойынша сот процесі басталғаны хабарланған еді.