Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында бала кезінде бастан өткерген ауыр оқиғасын еске алып, көп жылдан бері келе жатқан қорқынышын жеңуге бел буғанын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол 13 жасында көлге батып кете жаздаған. Сол сәтте өмірімен қош айтысатындай күй кешіп, әнші болу арманын жүзеге асыра алмай қаламын деп қатты қорыққанын жеткізді.
«13 жасымда көлге батып, судың астындағы шөптердің арасында жатып, сасық суды әбден жұтып, тұншығып жатқанда: "О, Құдай! Мені неге сонша ерте әкетіп барасың? Сонда менің әнші боламын деген арманым қайда?" деген ой келді», – деп жазды ол.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, арада шамамен 40 жыл өткен соң ол осы қорқынышын жеңуге шешім қабылдаған. Қазір әнші жүзуді үйреніп жүр. Ол фобиясынан арылу үшін бассейнге төртінші рет барғанын да атап өтті.
Сондай-ақ өнер иесі оқырмандарына қандай қорқынышты жеңгендерін немесе әлі де жеңе алмай жүргендерін сұрап, пікір білдіруге шақырды.