Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Тамара Асар Медицина қызметкерлері күніне орай ақ халаттыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.
Өнер иесі дәрігерлер мен медицина саласы мамандарының адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, олардың мейірімі, кәсібилігі мен жанашырлығы көптеген жанға үміт сыйлайтынын жеткізді.
«Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым еленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс пен толағай жетістіктер тілеймін», – деп жазды әнші.
Сонымен қатар Тамара Асар өзінің жеке өмірінен сыр шертіп, өміріндегі ауыр кезеңдерде дәрігерлердің көмегін ешқашан ұмытпайтынын айтты.
«Ақбұлттардың арасында арпалысып жатқандай болған жанымды әуелі Алла, содан кейін сіздер – ақ халатты абзал жандар – осы кең дүниеге талай мәрте қайтардыңыздар. Алдарыңызда бас иемін», – деген әсерлі сөздері көпшіліктің жүрегіне әсер етті.