Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева сахнадан уақытында кету керек екенін айтып, кейбір әріптестерін сынады, деп хабарлайды Paryz.Kz.
Өнер иесі бұл туралы «1001 түн» бағдарламасы эфирінде айтты.
«Сахнадан уақытында кеткен дұрыс. Дірілдеп, қалшылдап, бүкірейіп, елді концертке бұйрықпен жинап, залға қинап отырғызып қоюдың не керегі бар?! Сен өзіңнің уақытыңда кетсең, халықтың, көрерменнің көз алдында сол деңгейде тұрасың, сол келбетіңмен қаласың. Дірілдеп, не дауыс жоқ, не түр жоқ кезде шығудың керегі бар ма?! Біздің кейбір әртістеріміз солай шыққан кезде мен “бекерге осы түрін көрсетті” деп айтамын. Мен өзіме сынмен қарайтын әншімін. Егер дауысым онша шықпай, жағдайым дұрыс болмаса, өзіме “уақытында сахнадан кет” деп сөз бердім», — деді әнші.
Сондай-ақ Роза Рымбаева өміріндегі ең үлкен өкініші туралы да айтты.
«Ең бірінші өкінішім — 23 жыл бірге өмір сүрген, екі балам дүниеге келгенде, Халық әртісі деген атаққа жеткізген жолдасымның аяқ астынан өмірден кетіп қалғаны. Ол — орны толмайтын қайғы. Сіздердің алдарыңызда күліп, әңгіме айтып отырғанмен, ол кісінің аты аталғанда ішімнен жылап отырамын. Себебі маған ол кісі жасым ұлғайған сайын жетіспей тұрады», — деді өнер иесі. Әншінің айтуынша, бүгінде ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев оның шығармашылық жұмыстарына қолдау көрсетіп келеді.