Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

"Саршұнақ" деп еркелететін": Маржан Арапбаева анасын еске алып, көзіне жас алды

Танымал әнші Маржан Арапбаева “1001 түн” телебағдарламасына берген сұхбатында балалық шағы жайлы әңгімелеп, марқұм анасын сағынышпен еске алды, деп хабарлайды Paryz.kz.

"Саршұнақ" деп еркелететін": Маржан Арапбаева анасын еске алып, көзіне жас алды
Фото: әлеуметтік желіден

Өнер иесінің айтуынша, анасының өмірден өткеніне 20 жылдан асқан. Әнші үшін анасы жақын адам ғана емес, сырлас, өмірге шабыт беретін жан болған.

“Тек анама деген сағыныш бар. Кез келген адам үшін өміріндегі ең бірінші әрі жақын жан – анасы. Анамның өмірден қайтқанына 20 жылдан асып кетті. Сырласатын да, өмірге шабыт беретін де сол кісі еді”, – деді ол. 

Маржан Арапбаева өзін оңайлықпен жылай бермейтін, өмірге күліп қарайтын адам ретінде сипаттады. Дегенмен, оның жүрегін елжірететін бір ғана сағыныш бар екенін айтты. 

“Менен адамдар қаншалық жиі жылайтынымды сұрайды. Шынымды айтайын, мені жылату өте қиын. Ешқандай сұхбатқа барып жылаған емеспін, мен өмірге күліп қарайтын, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін адам болсам да, мінезім қатты, оңайшылықпен сына қоятын адам емеспін. Керісінше, бәрін сынақ ретінде қабылдаймын. Бірақ мен бір ғана адамды сағынып, жылаймын, ол – анам”, – деді ол. 

Әнші егер бір арманы орындалса, анасымен қайта қауышып, тым болмағанда бір күн бірге болғысы келетінін жеткізді. Ол балалық шағындағы ауыл көрінісін, жаз мезгілін, бақшадағы қызанақ теріп жүрген анасын ерекше жылылықпен еске алды. 

“Біреу менен қай арманың орындалғанын қалайсың деп сұраса, мен бір сағат емес, бір күн сұрар едім. Ең болмаса анаммен бірге уақыт өткізуге бір күн уақыт берілсе, жаз мезгілі, бақша, анам қолына екі шелегін ұстап келе жатады, ішінде қызанақ. Үйде , айран, май, сүт, қаймақ, тапа нан. Балалық шағымды қиындық көрмей өстім, әкем агроном болды. Сол сәтте анама барып, “Анашым, мен сені қатты жақсы көремін” деп құшақтап, етегін ұстап алып, жанынан шықпай отырар едім деп ойлаймын. Анам мені “Саршұнақ” деп еркелететін”, – деді әнші.