Танымал продюсер, Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова кенже ұлы Заңғардың үйлену тойына тұңғыш келіні Жұлдыз Әбдукәрімованың не себепті қатыспағанына жауап берді. Бұл туралы Paryz.kz тілшісі El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Мамский әңгіме» жобасына берген сұхбатында Айдарбекова халық тарапынан қойылған сансыз сұрақтарға қатысты пікір білдіріп, Жұлдыздың тойға қатыспауына байланысты жеке түсініктеме берді. «Неге анау жоқ, неге мынау жоқ деп сұрайды. Әркімнің отбасылық өмірі бар. Бірде біреу кекірейіп қалады, бірде тағы бірдеңе болады.
«Сен неге келмедің, ертең халық сұрайды, кешірші» деп әрқайсысының артынан жүгіріп жүрмеймін ғой. Келемін деген адам өзі келеді. Ешкімнің кеудесінен итерген емеспін», – деді ол.
Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, келіндер тойға көмектесіп жатса – ол тек қуаныш. Алайда көбіне өз қолымен бар шаруаны өзі атқаратынын жеткізді. «Мама, той болып жатыр екен, қандай көмек керек?» деп келіндер жүгіріп жатса, мен тек қуанамын. Осы уақытқа дейін бәріне өзім жүгіремін, тойхананы да өзім таптым», – деп ағынан жарылды продюсер.
Сонымен қатар, ол келіндер мен енелер арасындағы қарым-қатынастың нәзік тұстарына да тоқталды. Айтуынша, кей жағдайда ене тарапынан жасалған жылу мен жақсылық бағаланбай қалып жатады.
«Келін келгенде барлық проблема шешіле қалатындай сезінесің, шын ниетпен қуанасың. Бірақ біреулер соны түсініп, жақсылыққа жақсылықпен жауап берсе, кейбірі «олар менің барлық жағдайымды жасауға міндетті» деп ойлайды. Бұл жерде аналардың рөлі зор деп ойлаймын. Қыздың анасы: «Келін болып түскен соң енеңнің бір қанаты болуың керек» деп айтып отыруы керек», – деп түйіндеді ол.