Қазақстан Республикасы Құрылтайының барлық фракция депутаттары ел азаматтарына үндеу жариялады. Онда Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында мемлекеттің жетістіктерін бағалап, алдағы даму міндеттерін айқындаудың және қоғамның ортақ мақсат жолында бірігуінің маңызы атап өтілді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Үндеуде бір айдан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің жарияланғанына 35 жыл толатыны айтылған. Депутаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген сөзін келтіріп, жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» ұғымдарының бас әріппен жазылуын елдіктің белгісі ретінде бағалады.
Құрылтай депутаттары 1991 жылғы желтоқсанда тәуелсіздік жарияланған кездегі халықтың қуанышы мен болашаққа деген сенімін еске алып, содан бері Қазақстанның күрделі де жауапты кезеңдерден өткенін атап өтті. Үндеуде 1991 жылдың желтоқсаны мен 2026 жылдың желтоқсаны аралығында еліміздің елеулі жетістіктерге жеткені айтылған. Әсіресе соңғы жеті жылдағы өзгерістерге назар аударылған.
Депутаттар әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарының барлық салада орныға бастағанын атап өтті. Экономика саласындағы мысал ретінде шетелге шығарылған заңсыз капиталдың елге қайтарылып, халық игілігіне бағытталып жатқанын келтірді. Үндеуде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 1 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалатыны көрсетілген.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің күшейгені және ешбір жоғары лауазым иесі заң алдындағы жауапкершіліктен босатылмайтыны айтылған.
Әлеуметтік әділдік бағытында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мысалға келтірілді. Үндеу авторларының мәліметінше, үш жылдан бері Ұлттық қордың инвестициялық табысынан әр балаға тең үлес аударылып келеді. Бүгінде 7 миллионнан астам баланың есепшотына жалпы сомасы 2,5 млрд АҚШ долларына пара-пар қаражат түскен.
Ғылым мен мәдениетті дамыту мәселесіне де назар аударылған. Соңғы жеті жылда ғылымды қаржыландыру 3,6 есе өсіп, 261,5 млрд теңгеге жеткен. Осы кезеңде 1300-ден астам жаңа мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме және 536 спорт пен мәдениет нысаны салынғаны көрсетілген.
Экономикалық көрсеткіштер қатарында Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің 44 пайызға өсіп, 130 млрд долларға жуықтағаны келтірілген. Сонымен бірге жеті жыл ішінде 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісінің өсімі 24 пайызға жеткен.
Үндеуде жалпы ішкі өнім көлемінің соңғы жеті жылда шамамен 2,5 есе өсіп, 398 млрд долларды құрағаны да атап өтілген. Бұл көрсеткіш Орталық Азиядағы ең жоғары деңгей ретінде көрсетілген.
Цифрландыру саласындағы жетістіктердің бірі ретінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта көрсетілетіні айтылған.
Құрылтай депутаттары қол жеткізілген нәтижелерді бағалаумен қатар, алдағы міндеттерге де назар аударды. Олардың пікірінше, биыл жүзеге асқан конституциялық реформа мен саяси жүйенің жаңаруының Тәуелсіздіктің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі — тарихи мәні бар оқиға.
Үндеуде Президенттің Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері форумында айтқан «Мемлекетіміздің Егемендігін, Тәуелсіздігін қорғауға қатысты кейбір мәселе түбегейлі шешімін таппады» деген сөзі де келтірілген. Депутаттар азаттықты баянды етіп, ел бірлігін нығайту жолында атқарылар ортақ міндеттер әлі де көп екенін атап өтті.
Осы ретте олар Мемлекет басшысы Жолдауында жариялаған «Халықтық құрылыс» жобасына қоғам болып атсалысуға шақырды. Үндеу авторлары Президент жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын нақты іспен қолдауды әр азаматтың абыройлы міндеті ретінде атады.
Депутаттардың айтуынша, бұл жоба аясында халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік нысан, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салынып, пайдалануға беріледі. Үндеуде бұл бастама әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам ретінде сипатталған.
Құрылтайдың барлық фракция депутаттары үндеуді бірлік пен берекені нығайтуға шақырумен аяқтады.