Прямая трансляция

Астана

Астана

26.73°C

Шығыс Қазақстан облысында жер қазу жұмыстары кезінде екі жұмысшы қаза болды

Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауылында екі жұмысшы қаза болды. Оқиға орнына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов барып, қаза болғандардың отбасына қолдау білдірді.

Шығыс Қазақстан облысында жер қазу жұмыстары кезінде екі жұмысшы қаза болды
Фото: ШҚО әкімдігі

Үлкен Нарын ауылында су құбыры жарылып, апатты қалпына келтіру және жер қазу жұмыстары кезінде топырақ опырылып, "Нарын КомХоз Сервис" коммуналдық кәсіпорнының екі қызметкері — дәнекерлеуші Ержан Айтпаев (1983 жылы туған) пен слесарь Сергей Кастерин (1970 жылы туған) қаза тапты.

Оқиға орнында облыс әкімі арнайы комиссия мүшелеріне өндірістік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қолданыстағы регламенттерді түбегейлі қайта қарау қажеттігін айтты.

Шығыс Қазақстан облысының бас еңбек инспекторы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, алдағы он күн ішінде оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізіледі. 

Қажет болған жағдайда тергеу мерзімі 30 күнге дейін ұзартылып, салалық сарапшылар тартылатын болады. Қорытынды материалдар құқық қорғау органдарына және сот инстанцияларына беріледі. 

"Облыс әкімі өндірістік жарақаттардың алдын алу мәселелеріне кешенді түрде қарау қажеттігін ерекше атап өтіп, әсіресе адамдардың өміріне қауіп төндіретін жағдайларда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау облыс басшылығының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді", - делінген хабарламада.

Қаза тапқандардың отбасыларына республикалық бюджеттен өтемақы төленеді, сондай-ақ сақтандыру тетіктері арқылы қарастырылған өтемақылар беріледі. Өңір басшысы марқұмдардың туыстарымен жеке кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтынын және оларға тиісті көмек көрсетілетінін айтты.