Ақтаудағы тойлардың бірінде қонақтар арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан. Оқиға орнына полицияның бірнеше экипажы барған. Алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды paryz.kz.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полицияға хабарлама 21 қарашадан 22 қарашаға қараған түні түскен. Оқиға Ақтаудың 31Б шағынауданындағы мейрамханалардың бірінде болған.
Той кезінде қонақтар арасында сөзге келіспеушілік туындап, соңы төбелеске ұласқан. Құқық қорғау органдары бұзақылыққа қатысушыларды жедел анықтап, ұстап, қалалық полиция басқармасына жеткізген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алты адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты медициналық көмек сұрап ешкім жүгінбеген.
Ведомство өкілдері азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, бір-біріне құрметпен қарауға және жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге шақырды.