Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде 4 жасар бала бесінші қабаттан құлап, салдарынан ауыр жарақат алған. Дәрігерлер күрделі нейрохирургиялық операцияны сәтті өткізіп, баланың қозғалу функцияларын сақтап қалды.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқиға болған күні бала Алматы қалалық Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөліміне жеткізілгенін хабарлады.
Тексеру нәтижелері бойынша дәрігерлер аралас жарақат, соның ішінде омыртқа жотасының ығысуымен және жұлынның қысылуымен бірінші бел омыртқасының компрессиялық сынығын анықтады, – деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінде.
Мамандар баланың жағдайының ауырлығын ескере отырып, екі кезеңді хирургиялық емдеу жүргізу туралы шешім қабылдаған. Бірінші кезеңде нейрохирургтар омыртқа өзегінің декомпрессиясын орындады.
Одан кейін бекіту жүйесін қолдана отырып, омыртқаның бел бөлігін тұрақтандыруды жүргізді. Операцияны нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Айдын Нүсіпқожаев, нейрохирургтар Мұхтар Ибрагимов пен Алтай Анарбаев жасады, - делінген хабарламада.
Уақытылы көрсетілген медициналық көмектің арқасында дәрігерлер қозғалыс және сезімталдық функцияларын сақтай алды.
Оңалтудан өткеннен кейін бала өз бетінше жүре алады, – деді Айдын Нүсіпқожаев.
Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы едәуір жақсарды. Стационарлық емдеу аяқталғаннан кейін бала әрі қарай амбулаториялық бақылау мен оңалту үшін үйіне шығарылды.