Әлеуметтік желілерде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Кейін бұл мәліметті Ғылым және жоғары білім министрлігі растады, деп хабарлайды paryz.kz.
Алғаш болып бұл туралы заңгер әрі Батыс Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Ахметжан мәлімдеді. Оның айтуынша, университет ректоры қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталып, жұмыс орнында тінту жүргізілген.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, тергеу университеттің ғылымды дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жымқырылуы мүмкін деген күдікке байланысты жүргізіліп жатыр.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ректордың ұсталғанын растағанымен, ұсталу себептері мен істің мән-жайы өздеріне белгісіз екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта министрлікке ұсталу себептері мен таралған ақпаратта көрсетілген мән-жайлар белгісіз. Тергеу және өзге де процессуалдық іс-шараларды жүргізу құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады. Ресми сауалдар келіп түскен жағдайда министрлік қолданыстағы заңнама аясында қажетті көмек көрсетеді», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары ресми түсініктеме берген жоқ.