Прямая трансляция

Астана

Астана

32.49°C

Төрт адам қаза болды: Маңғыстауда жол апатына кінәлі жүргізуші сотталды

Маңғыстау облысында төрт адам қаза болған жол апатына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.

Төрт адам қаза болды: Маңғыстауда жол апатына кінәлі жүргізуші сотталды
Фото: sputnik.kz

Оқиға биыл маусымда болған. Сотталушы Toyota Camry автокөлігін басқарып келе жатып, Ақтау – Бейнеу автожолының 424/362 шақырымында жол ережесін бұзған. Ол көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізген. Салдарынан өзі бағыттас келе жатқан КамАЗ автокөлігімен соқтығысқан. "Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөлікте болған төрт жолаушы алған ауыр дене жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды", - дейді сот.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді, қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрады.

Ал жәбірленушілер сотталушыға қояр талап-тілектерінің жоқ екенін, оны кешіргендерін айтып, оған жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Жазасын жеңілдеткен жәйт: кінәсін мойындауы, шын ниетпен өкінуі, ІІ топтағы мүгедектігі, сондай-ақ жәбірленушілер тарапынан материалдық және моральдық талаптардың қойылмағаны.

"Сот үкімімен сотталушы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды", - дейді Маңғыстау облысының соты.