Прямая трансляция

Астана

Астана

26°C

Тауда адасып қалған шетелдік студент құтқарылды

Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Көкжайлау шатқалында таудан түсіп келе жатқан туристер тобының бір мүшесі адасып, байланысқа шықпай қалған. Өтініш берушілердің айтуынша, оның ұялы телефоны байланыс аймағынан тыс жерде болған.

Тауда адасып қалған шетелдік студент құтқарылды
Фото: ТЖМ

Хабарлама түскеннен кейін іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының мамандары жұмылдырылды. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, таулы аумақта іздеу жұмыстарын бастады.

Операция түнгі уақытта, көріну мүмкіндігі шектеулі жағдайда жүргізілген. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Көкжайлау шатқалынан төмен орналасқан аумақтан туристік топтан қалып қойған Иран Ислам Республикасының азаматы, студент табылды. 

Жас жігіт тау беткейінде ұйықтап жатқан. Құтқарушылар оны тексеріп, медициналық көмектің қажет еместігін анықтады. Кейін студент қауіпсіз жерге жеткізіліп, таудан аман-есен түсірілді.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тауға шығар алдында маршрут пен жорық уақытын жақындарына алдын ала хабарлап, байланыс құралдарының жарамдылығын тексеруге кеңес береді.

Сонымен қатар, туристерге қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертті.