«Қазгидромет» РМК Алматы қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтілетінін хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, 30 мамыр күні атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін метеорологиялық жағдай қалыптасады.
Соның салдарынан қаладағы ауа сапасы уақытша нашарлауы мүмкін. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия сияқты факторлардың жиынтығы.
Мұндай кезде ауадағы ластаушы заттар атмосферада таралмай, жерге жақын қабатта шоғырланады. Мамандардың айтуынша, мұндай кезеңде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы төмендеп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі ықтимал.
Әсіресе тыныс алу жүйесі ауруларынан зардап шегетін адамдарға, балалар мен қарттарға сақ болған жөн. Осыған байланысты тұрғындарға мүмкіндігінше ашық ауада ұзақ уақыт жүрмеуге, денсаулық жағдайын бақылауға және дәрігерлердің ұсынымдарын сақтауға кеңес беріледі.