Прямая трансляция

Астана

Астана

5°C

Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алғашқы спорт нысанының құрылысы басталды

Атырау облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) тетігі арқылы салынатын алғашқы спорт нысанының құрылысы басталды, деп хабарлайды paryz.kz.

Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында алғашқы спорт нысанының құрылысы басталды
Фото: gov.kz

Бұл – Атырау қаласында дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернат-колледжі. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылдың мамыр айына жоспарланған. 

МЖӘ механизміне сәйкес, жеке әріптес жобалаудан бастап құрылысқа дейінгі жұмыстарды және нысанды пайдалануға берілгеннен кейінгі 5 жыл бойы оны күтіп-ұстау қызметтерін жүзеге асырады.

Жобаның басты ерекшелігі – толыққанды көпфункционалды спорттық-білім беру кешенінің салынуы. Мұнда заманауи оқу ғимараттары мен жайлы жатақхана қарастырылған. 3,2 гектар аумақта 400 орындық оқу блогы, 300 орындық жатақхана, 13 спорт залы, бассейн, асхана, кітапхана, стадион, жүгіру жолақтары, сондай-ақ баскетбол және волейбол алаңдары бой көтереді. Қазіргі таңда елде 16 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат және 4 республикалық мектеп-колледж-интернат жұмыс істейді, онда 6 431 спортшы білім алады. Алайда Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Ұлытау және Қостанай облыстарында мұндай мекемелер жоқ.

Сондықтан Атырау облысындағы бұл жоба пилоттық режимде іске асырылып, кейіннен өзге өңірлерге де кеңейту жоспарланып отыр. Жаңа кешенде 13 олимпиадалық спорт түрі бойынша 400 спортшыны (300 оқушы және 100 колледж студенті) даярлау көзделген.

Олардың барлығы Атырау облыстық спорт интернатының тәрбиеленушілері болады. Мектеп-интернат-колледжінің құрылысы спорт резервін даярлауға қолайлы жағдай жасап, оқу мен жаттығуды тиімді ұштастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар елімізде балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға айтарлықтай серпін береді.