9 сәуірде Қазақстан аумағының басым бөлігінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, ел аумағы арқылы өтетін атмосфералық фронтальды жүйелердің әсерінен тұрақсыз ауа райы сақталады. Әсіресе солтүстік өңірлерде, сондай-ақ түнгі уақытта батыс пен солтүстік-батыста кей жерлерде қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Солтүстік-батыс аймақтарда жаңбыр соңы қарға ұласуы ықтимал. Ал Қазақстанның шығысында антициклон жотасының ықпалы байқалып, бұл өңірде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Жалпы республика бойынша бірқатар қолайсыз метеоқұбылыстар күтіледі. Атап айтқанда, тұман түсіп, жел күшейеді, оңтүстік өңірлерде дауыл тұрып, оңтүстік-шығыста бұршақ жаууы ықтимал.
Сонымен қатар бірқатар аймақтарда жоғары өрт қаупі сақталады.
Атап айтқанда, Қызылорда облысының шығысында, Түркістан облысының батысы мен солтүстігінде, Жамбыл облысының солтүстік-батысы мен батысында, Алматы және Жетісу облыстарының жекелеген бөліктерінде, Қарағанды облысының батысы мен оңтүстігінде, сондай-ақ Абай облысының оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде болады.