Ішкі істер министрлігі шетелде жұмыс істеуге ниетті қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды ведомствоға сілтеме жасаған paryz.kz.
ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті интернетте жарияланатын хабарландырулар арқылы азаматтарды шетелдегі "жалақысы жоғары жұмысқа" тарту деректері көбейгенін айтып, мұндай ұсыныстардың қауіпті болуы мүмкін екенін ескертті.
"Алаяқтар әлеуметтік желілерде, мессенджерлер мен түрлі хабарландыру сайттарында табысы жоғары, жолақысы мен жатын орны тегін, тәжірибе мен тіл білуді талап етпейтін оңай жұмыс ұсынамыз деп хабарландыру жасайды", - делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері мұндай хабарландырулар көбіне Telegram-дағы арналарда, WhatsApp топтарында және өзге де онлайн алаңдарда таратылатынын атап өтті. Алайда шетелге барған азаматтар іс жүзінде мүлде басқа жағдайға тап болуы мүмкін. Мәселен: жеке куәлік пен өзге де құжаттардың қолды болуы;
еркін жүріп-тұру мүмкіндігінің шектелуі; интернет арқылы жасалатын алаяқтық схемаларға күштеп тарту; уәде етілген жалақының берілмеуі; "босатып жіберу" немесе елге қайтару үшін ақша талап ету;
қысым көрсету, қорқыту. Сақтық үшін мына қауіпсіздік шараларын ескеру ұсынылады: шетелге жұмысқа тек ресми тіркелген, лицензиясы бар агенттіктер арқылы бару;
жұмыс беруші туралы мәліметті және келісімшарт талаптарын жан-жақты тексеру; құжаттарыңыз бен жеке деректеріңізді бейтаныс адамдарға сеніп тапсырмау; сапар бағыты мен баратын жеріңіз туралы жақындарыңызға алдын ала хабар беру.
ІІМ азаматтарды қырағы болуға және интернеттегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, егер күмәнді ұсыныс алсаңыз немесе алаяқтық белгілерін байқасаңыз, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.