Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды paryz.kz.
Күдікті 2024-2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған.
«Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған. Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Қазақстанның 6 азаматына жалпы 100 млн теңгеден астам залал келтірілген. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған, - деп хабарлады Бас прокуратура.
2025 жылдың тамызында күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.