Елімізде алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы рекордтық көрсеткішке жетті. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселені шешу үшін түбегейлі жаңа қадам қажет екенін мәлімдеді, Paryz.kz.
Халық қалаулысының айтуынша, басты назар ата-ананың ерегісіне емес, баланың құқығына аударылуы тиіс.
«Қазіргі қолданыстағы қылмыстық жауапкершілік пен шектеу шаралары тиісті нәтиже бермей отыр. Сондықтан біз Үкіметке Мемлекеттік алименттік қор құруды ұсындық. Оның тетігі қарапайым: мемлекет балаға тиісті қаражатты қордан алдын ала төлейді, ал кейін борышкерден құзырлы органдар арқылы бұл соманы мәжбүрлі түрде өндіріп алады», — деді депутат.
Дегенмен, бұл бастама әлі де Үкімет тарапынан қолдау таппай отыр.
Сонымен қатар, депутат алимент төлеушілердің де уәжін алға тартты. Көптеген әкелер қаражаттың баланың қажеттілігіне жұмсалатынына күмәнмен қарайды. Сондықтан алдағы уақытта төлемдердің ашықтығы мен нысаналы жұмсалуын бақылау мәселесі де қарастырылмақ.