Ақмола облысы Жақсы ауданына қарасты Подгорное ауылында мал шаруашылығы қожалығының аумағында қайғылы оқиға болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі sinegor.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, 25 желтоқсанда трактор жүргізушісі кәсіпорынның 56 жастағы жұмысшысын қағып кеткен.
Зардап шеккен адам алған жарақаттарының салдарынан ауруханада көз жұмды. Қазір адам өлімі дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Ақмола облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жазатайым оқиға туралы хабарлама жұмыс берушіден 26 желтоқсанда түскен.
"Бұл жазатайым оқиғаға байланысты бұйрық шығарылды. Бұйрық негізінде комиссия құрылып, арнайы тергеу жүргізіліп жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.
Өңірлік полиция ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтаудың маңызын еске салды.
Әсіресе арнайы техниканың техникалық жай-күйіне, дабыл беру құралдарының болуына және өндірістік аумақта қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл талаптарды елемеу адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.