Бүгінгі таңда Қостанай облысында 67 949 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Бүгінгі таңда Қостанай облысында 67 949 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 164,3 мың адам еңбек етуде, бұл өткен жылдың көрсеткішінен (2024 жылғы 1 сәуірдегі – 159,2 мың адам) 3,2%-ға жоғары. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ШОБ өнім көлемі 15,5%-ға өсіп, 515,9 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 сәуірдегі – 446,7 млрд теңге).
Жалпы алғанда, өңір экономикасының 30%-дан астамын шағын және орта бизнес қамтамасыз етіп отыр (ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 30,2%). Бұл оң көрсеткіштердің қалыптасуына мемлекеттік қолдау шаралары үлкен әсер етуде.
Мәселен, Кәсіпкерлікті дамытудың кешенді бағдарламасы аясында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 135 бизнес-жоба бойынша жалпы сомасы 15,9 млрд теңге көлеміндегі несиелерге пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және кепілдік беру арқылы жеңілдік шарттары қамтамасыз етілді.
Бұл құралдарды «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен арнайы Кепілдік қоры жүзеге асыруда. Бұл жобалардың 26%-ы ауылдық жерлерде іске асырылуда. Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта орналасқан кәсіпорындарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы құны 486,3 млн теңге болатын 7 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар Жангелдин, Қостанай және Меңдіқара аудандарында қолға алынған. Облыс орталығынан шалғайдағы өңірлерде кәсіпкерлік әлеуетті арттыру мақсатында 2023 жылы «Бизнес-Көмек» өңірлік несие беру бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама жылдық 1% мөлшерлемемен берілетін, мемлекеттік қолдаудың баламасы жоқ құралы саналады.
Қазіргі таңда барлық қаражат толық игеріліп, жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайтын 37 несие мақұлданды. Оның басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталды.
Сонымен қатар, қаржы институттары да өз тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда. Мысалы, Лисаков, Жітіқара және Рудный моноқалаларындағы кәсіпкерлер үшін «Халық банкі» тарапынан инвестиция мен айналым қаражатына арналған, 5 жылға дейінгі мерзімге, 10% жылдық мөлшерлемемен, 50 млн теңгеге дейін жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылды (темекі өнімдерін өндіру саласынан басқа). Өз кезегінде «Даму» қоры «Өрлеу» бағдарламасын іске асыруды бастады.
Бұл бағдарлама экономиканың басым секторларында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеге дейін, 10 жыл мерзімге, 12,6% мөлшерлемемен несие беруді көздейді. Өтінімдер «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Халық банкі» АҚ, «Freedom Bank» АҚ, «ForteBank» АҚ және «Нұрбанк» АҚ арқылы қабылданады.
Облыста шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Қостанай қаласындағы Индустриялық аймақта автокомпоненттер өндіретін Локализациялау орталығының құрылысы және «Большевичка» тігін фабрикасының цехтарын жаңғырту жобалары іске асырылуда.
Бұл жобалар шағын бизнес өкілдеріне қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған дайын өндірістік алаңдарды жеңілдікпен жалға беру мүмкіндігін ұсынады.
Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда облыстан 66 әлеуметтік кәсіпкер арнайы Реестрге енгізілген. Бұл санаттағы кәсіпкерлерге 5 млн теңгеге дейінгі гранттар конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген. Конкурс 2025 жылдың қыркүйек айында өткізіледі деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, қаржылық емес қолдау шаралары арқылы да кәсіпкерлерге көмек көрсетілуде. Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 1 500-ге жуық бизнес субъектісі мен кәсіпкерлік бастамасы бар азамат қолдауға ие болды.