Әлеуметтанушы Талғат Жақиянов Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Қаңтар оқиғасынан кейін діни ағымдардың қоғамдағы позициясы өзгергенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Біздің қоғамда жүріп жатқан тенденциялардың бірі – Қаңтар оқиғасынан кейін әртүрлі ағымдардың қоғамдағы позицияларының өзгеруі. Мысалы, Қаңтар оқиғасынан кейін сәләфишілер саяси, экономикалық ықпалын жоғалтты. Айтпағым, бұрын бұларды жоғары жақта қолдайтын топтар болды, одан кейін бір орталықтан басқарылды. Ал бүгінде олар осындай тетіктерін жоғалтты. Қазір сәләфи жамағаттар әртүрлі өңірлерде шоғырланған, жік-жікке, ұсақ-ұсақ жамағатқа бөлініп жатқан топтарға айналды. Дегенмен, орталықтан басқарылу тетіктерін жоғалтуы олардың ықпалының төмендегенін айтпайды. Олар ықпалын жоғалтқан жоқ. Олар өңірлерде белгілі бір кәсіптерін қалыптастырып, солардың маңына шоғырланып, сол арқылы өздерінің қатарын сақтап отыр және қатарын толықтырып келе жатыр», - деді әлеуметтанушы.
Талғат Жәрдемқұлұлының айтуынша, бүгінде сәләфилер бұрынғыдай идеологиялық платформаларға шығып, кеңірдек жыртып уағыз айтпайды.
«Олар миссионерліктің жаңа деңгейіне өтті. Бүгінде сәләфилер өздерінің әлеуметтік-экономикалық платформаларын күшейтіп жатыр. Яғни сенушілеріне немесе әлеуетті сенушілеріне жұмыс береді. Мудараба қағидаты бойынша бизнес ашуға немесе басқаға пайызсыз несие береді. Сол арқылы өздерінің қатарын толықтыруға, әбден бекітуге жол салып келе жатыр», - деді Талғат Жақиянов.