Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Ұстаз болу – өмірлік миссиям»

Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау (Ж.Руссо). Ұстаздық ету ғаламның шамшырағын өшірмей ұстап тұрғанмен тең. Біздің осы адамдарды көбірек насихаттауымыз ұрпаққа берген ұлағатты тәрбиеміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Дина Қаражанова. Ол 31 жыл бір салада қызмет етіп, студенттерге химия пәнінен сабақ беріп келеді. «Ұстаз болу – өмірлік миссиям» дейді, деп хабарлайды Paryz.kz

«Ұстаз болу – өмірлік миссиям»

Дина ҚАРАЖАНОВА, Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университетінің аға оқытушысы, химия пәні ұстазы, еңбек өтілі 31 жыл:

– Дина ханым, жалпы, ұстаздық жолға қалай келдіңіз? Осы салада жүргеніңізге қанша жыл болды?

– Биыл ұстаздық еткеніме 31 жыл болыпты. Бұл уақыт біреуге көп, біреуге аз. Дегенмен мен үшін жүрегімнің төрінен орын алатын аяулы жылдар. Біздің кезімізде мамандық тізімі казіргідей көп болмады. Сол таңдау аз болғандықтан да біраз адам дәрігер не мұғалім болды емес пе?! Ал мен бұл салаға жүрек қалауыммен келдім десем де болады. Өйткені отбасымызда әкеміз ұлағатты ұстаз, бүкіл ауыл үлгі еткен тұлға болды. Бүкіл ауылға үлгі болған жанның менің әкем екеніне қуанатынмын. Мен де дәл ол сияқты химия пәнінен мұғалім болғым келді. Оны өзі де сезгендей мені жаймен химияны терең меңгеруге жетеледі. Химия пәні 7-сыныпта басталды. Әкем маған да сабақ берді. Мектептен үйге келгенімде  элементтердің атауын, олардың таңбалануын, одан қалса атын сұрап отыратын. Қызығушылығым солай артты. Сегізінші сыныпта әкем аудандық олимпиядаға алып барды. Бірақ орын алмадым. Сонда қасымда тұрса да маған мүлде көмектеспеді ғой (күліп). Өйткені сондай әділ адам еді. Кейін 10-сыныпта қайтадан аудандық химияның олимпиадасына қатысып, бірінші орын алдым. Жалпы, химияға қадам басуым осылай басталды. 1988 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетіне оқуға түстім. Бес жылдық оқудан кейін университет қабырғасында қалып, осы химия кафедрасында отыз жылдан аса еңбек етіп, қазірде аға оқытушы қызметіндемін. 

– Ұстаз болу сізге қаншалықты қуаныш сыйлайды?

– Мен өзімді басқа салада елестете алмас едім. Өзіңіз білесіз, адамның мамандығын дұрыс таңдауы, өмірлік жолын дұрыс табуы. Осы мамандығыма деген сүйіспеншілігімнен де болар, жұмысқа тұрып, еңбекке араласқалы бері тұрғылықты жерім, сабақ беретін оқу ордам Абай атындағы Қазақ педогогикалық университетінен, яғни қаладан 45–50 км қашықтықтағы Ұзынағаш ауылы болса да 31 жылдан бері әр таңда сол километрлерді жүріп өтіп, көлік кептелісіне қарамастан, асыға басып жұмысыма келемін. «Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме, Жан ботасын сағынғанда ару ана» дейді ғой. Мүмкін менікі де мамандығыма деген сондай шартсыз махаббат шығар! Осы жылдарда жұмысыма мүлде кешігіп көрмеппін. Оқу залына есіктен кіргеннен бастап, басқа дүниені ұмытамын. Өйткені ұстаз болу, шәкірттерге сабақ беру жан дүниеме жағымды сүйікті ісім. Бәлкім, бұл менің өмірлік миссиям болғандықтан да шығар.


Ұстаздыққа арнаған  31 жылыңызды қалай сипаттар едіңіз?

– Ұстаз болу шәкіртке тек сабақ үйрету ғана емес, ол жан дүниеңнің ішкі мәдениетін үйрету. Сондықтан әрдайым тәрбиесіз берілетін білімнен қашу керек. Бар білімімді, ресурсымды Қазақстанның адал әрі білікті маманын дайындасам екен деген ниетке жұмсадым. Әрекеттен бұрын ниет маңызды. Содан да болар еңбегімді елеп, 2018 жылы «Абай атындағы Қазақ педогогикалық университетіне 90 жыл» медалімен,  2020 жылы «Үздік ұстаз», 2023 жылдан бастап екі жыл қатарынан Ғылым және жоғары білім министрлігінен  «Алғыс хат» алдым. Жарқын сәттер мен халықтың алғысына бөлеткен ұстаздық жол мен үшін жарығын шашқан күн секілді. Тамаша естеліктерге толы өмір жолымның шамшырағына ұқсайды.
Еліміздің басты университеттерінің бірінде уақытым мен энергиямды сарп етіп, ел болашағы үшін білікті мамандар даярлауға үлес қосып жатқанымызды ойласам, жүрегімде ерекше жылылық пайда болады. Мен үшін мамандығымның құндылығы осы. Әрі осы уақыт аралығында студенттерге арналған бірнеше оқу-әдістемелік кітаптарым жарық көрді. Соның бірі 2011 жылы «Химия есептері мен жаттығулары» кітабы, еңбек 2020 жылы қайта жаңартылды. Ал «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері және элементтер химиясы практикумы» 2013 жылы басылып шықты. Сонымен бірге бұл қатарда 2014 жылы шыққан «Химия тарихы», 2023 жылы шыққан «Жалпы химия» оқулығы бар. 

 

Аңсар Мұрат, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Химия мамандығының 1-курс студенті:


– Студент атанғалы сабақ кестесінен ең бірінші болатын «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері» сабағынан беретін мұғалім Каржанова Дина деп бекітілген екен. Ең алғашқы сабақ болғандықтан, уайым басым еді. Бірақ Дина апай аудиоторияға кіріп келгенде жүрегімдегі уайым басылды. Апайдын нағыз өз ісінің маманы екені алғашқы сабақтан-ақ қатты сезілді. Нағыз ұстаз деуге болатын тұлға. Алғашқы сабақтан-ақ бізге жылы шырай танытып, тақырыпты өте ұғынықты тілімен түсіндірді. Кәсіби шеберлігімен қоса,  даналығы,  аналық жанашырлығы алыстағы жақындарымызды сағынып жүрген біздің жанымызды жылытады. Сол үшінде болар үнемі Қаражанова Дина апайдын әр сабағына асыға күтеміз, ал сабақ кезінде уақыт асықпай өтсе екен дейтініміз бар. Химиядан болсын, тұлғалық даму жағынан болсын әйтеуір ол кісіден бірнәрсе үйреніп қалсақ екен деп жүреміз. Өмірімдегі нағыз ұстаздың прототипін қалыптастырды. Апай білімді құдды миыңды ашып құйып жіберетіндей. Өмірімде химия пәнін оңай әрі өте ұғынықты етіп үйретуге болатынын білдім. Ол кісінің кәсібилігімен қоса адамгершілік қасиетін үлгі етемін.


Жазира  Мукатаева, Химия кафедрасының меңгерушісі, әріптесі:

–  Дина Қаражанова өте білікті маман. Осы қара шаңырақта өзі де білім алып, кейіннен еңбек етті. Аспирант деңгейінен тәлімгер, білікті ұстаз деңгейіне дейін өсті. Сабақты өте жоғары теориялық және ғылыми әдістемелік деңгейде өткізеді. Оның біліктілігін дәлелдейтін дүниелердің бірі ЖОО студенттеріне арналған бірнеше оқу-әдістемелік еңбектер, оқу құралдарын жазуы. Әсіресе осындай химия, физика саласында қазақша оқулықтар аз дейді ғой, ал Дина жетіспеушілікті толтыруға өз үлесін қосып, студенттердің біліктілігін арттырды әрі қазақ тілінің де дами түсуіне үлес қосты. Химиядан білім беру бағдарламаларын жасайды Олардың барлығын қазір студенттер бірнеше жыл қатарынан пайдаланып келеді. Тек студенттер ғана емес, орта мектеп ұстаздары да, ЖОО-ның оқытушылары да қолданады. Әсіресе бейорганикалық химияның теориялық негіздері, жалпы химия оқулықтарын ерекше айтуға болады.  Тұлға ретінде тамаша жан, ең бастысы достыққа адал. Студенттерге, жалпы барлығына көмек қолын созуға дайын тұратын ерекше жан. Жұмысын жасап та, жастарға тәрбие беріп те, сабағын оқытып та, үй тірлігін үйлестіріп те барлық жағынан үлгеріп жүреді. Ұжымда өте сыйлы. 


Дина Қаражанова жас мамандарға – өз ісінің шынайы шебері болып, шәкірттің жүрегіне ғылымға деген қызығушылық пен ұмтылысты ұялатқан, еліне адал еңбек еткен тұлға. Ұстаздың еңбегі жас буынның болашағын жарқын ететін шамшырақ іспетті. Ендеше шырағымыз сөнбесін, Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болғай!