Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Тұрмысқа шықпады»: Ер адам сүйіктісінің ата-анасын өлтіріп, өзін кепілге алды

Ақтөбеде екі зейнеткерді айуандықпен өлтіріп, әйелді кепілге алған 38 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Тұрмысқа шықпады»: Ер адам сүйіктісінің ата-анасын өлтіріп, өзін кепілге алды
Фото: Ақтөбе соты

Қанды қылмыс 13 қаңтар күні жеке тұрғын үйде болған. Ол үйде әйел анасы және өгей әкесімен бірге тұрған. Белгілі болғандай, оқиғадан біраз күн бұрын әйел ер адамға тұрмысқа шығудан бас тартқан.

Тергеу мәліметіне сәйкес, ер адам бұрынғы танысымен араздықты сылтау етіп, кек алу мақсатында оның жазғы ас үйіне заңсыз кіріп, сонда жасырынып отырған. Алдымен асүйге кірген әйелдің 63 жастағы анасына шабуыл жасап, өмірлік маңызды органдарына 20-дан астам пышақ жарақатын салған. 

Салдарынан зейнеткер оқиға орнында көз жұмған. Анасын іздеп келген әйелді ер адам күштеп ұстап, қолын, аяғын және аузын скотчпен байлап, оған да пышақ ала жүгірген. Осы сәтте үйге әйелдің өгей әкесі келген. Күдікті оған да шабуыл жасап, пышақпен және балтамен жарақаттаған. 67 жастағы ер адам жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Күдікті әйелді бірнеше сағат бойы үй ішінде күштеп ұстап, қинап, оны босатудан бас тартқан. Туыстары үй иелерімен байланыса алмаған соң полиция шақырған. 

Оқиға орнына келген тәртіп сақшыларына да ер адам есік ашпай, әйелдің өзіне 5 миллион теңге қарыз екенін айтып, өз талабын қойған. Үш сағатқа созылған келіссөзден кейін арнайы операция жүргізіліп, әйел босатылды. Ол басынан және қолынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Анасы жедел жәрдем көлігінде, өгей әкесі жансақтау бөлімінде көз жұмды. 

Сот барысында айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, өгей әкені өлтірмегенін алға тартты. Оның айтуынша, әйелдің өзі өгей әкесін соққыға жыққан. Алайда сот бұл уәжді жауапкершіліктен жалтару әрекеті деп бағалап, куәгерлердің айғақтары мен іс материалдары жеткілікті екенін мәлімдеді. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі ер адам өмір бойына сотталғанын мәлім етті. 

Ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1, 3, 5-тармақтары (адам өлтіру), 126-баптың 2-бөлігі 3, 4-тармақтары (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру) және 107-баптың 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылып, қылмыстардың жиынтығы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - деп жазылған сот хабарламасында.

 Сот сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына моральдық және материалдық залал өндіріп беруді міндеттеді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.