2025 жылдың маусым айында Шымкент қаласындағы қоймалардың бірінен контрафактілік “Доширак” өнімдерінің 26 мыңнан астам данасы анықталып, тәркіленді. Бұл туралы Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім бастығы Мұхтар Әбдезов мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Құқық иесінің рұқсатынсыз пайдаланылған "Доширак" тауар белгісі бейнеленген 26 112 контрафактілік өнім тәркіленді. Алынған өнімнің жалпы сомасы 7 311 000 теңгені құрайды, - деді ол.
Контрафакт өнімдер таныс қаптамада болғанымен, ішкі құрамы белгісіз. Қаптамада түпнұсқадан бірнеше айырмашылықтар анықталған:
Жалған өнімнің мәтіні қысқа, ал түпнұсқада толық әрі кең көлемде жазылған;
Контрафактідегі шанышқылар сапасыз, полиэтилен пакеті дұрыс таңбаланбаған;
Кеспенің сапасы мен түсінде де айырмашылық бар. Құқық қорғау органдары бұл әрекеттерді "Тауар белгілері туралы заңды" және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабын бұзу ретінде саралады.
Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Сот шешімімен жалған өнімдер жойылуы мүмкін, ал кінәлі тұлғаларға айыппұл салынады.