Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

«Өмірзақ Шөкеевтің адамдары істеген екен»: Ринат Зайытов Түркістан қаласындағы былықтарды айтты

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында Түркістандағы былықтар туралы мәлімдеді.

«Өмірзақ Шөкеевтің адамдары істеген екен»: Ринат Зайытов Түркістан қаласындағы былықтарды айтты

Оның айтуынша, әр аймақ биліктің тапсырмасымен кезінде жаңадан құрылған облыс орталығына әлеуметтік, мәдени нысандар салып берген. Алайда ол нысандар жеке адамдардың қолына өтіп кеткен. 

- Сол ғимараттарды қалалық әкімшілік сенімгерлік хатпен біреулерге беріп тастаған. Осы ақылға қона ма? Визит центрді, яғни шеберлердің орталығы болу керек жерді біреулер кафе, дүкен ғып тастаған, Неке сарайын сұлулық, массаж салоны қылған. Ал Мәдениет үйін ресторан ғып жатқаны ақылға қонымсыз ғой. Музейге қатысты да әңгіме көп. Үлкен шу болады бұл, - деді Ринат Зайытов. 

Депутаттың айтуынша, бұл олқылықтарға кінәлі облыстың бұрынғы әкімі  Өмірзақ Шөкеевтің адамдары болуы мүмкін дегенді жасырмады.

- Әкімдік пен тараптарды тыңдадым. Бас прокуратураға да барып айттым, тексеруді сұрадым. Бір сыбыстарға сүйенетін болсақ, бұрынғы әкім Өмірзақ Шөкеевке қатысты адамдар осының барлығын  істеген дейді. Біз тексеріп жатырмыз. Өзіміз күмәнсіз болған кезде ең бірінші далада қалып қалған, ұлттық өнерді ұстап отырған қолөнершілердің орны қайтарылуы керек. Ал оларды жан-жаққа қуып тастаған. Мәдениет үйін мүлдем шет жақта ескі ғимаратқа көшіріп тастаған. Ал қалаға салынған Мәдениет үйінен ресторан жасап жатыр дегенде жағамызды ұстадық. Сондықтан бұл бір күндік мәселе емес,  — деді Ринат Зайытов.

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Түркістанға тексеруге барғанда бір “қызық” жағдайға тап болғанын айтты. 

- Біз әкімдікке барсақ, қала әкімі, оның орынбасары, көмекшісі сол күні ауырып қалыпты бәрі. Больничныйда дейді, - дейді депутат.

Ринат Зайытовтың айтуынша, құзырлы құқық қорғау органдары Түркістандағы былықтар бойынша екі тарапты тексеріп, қылмыстық іс қозғау қажет.