Қазақстанда педагогтерді қолдау орталығы іске қосылды, деп хабарлады оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Қолдау орталығы "Ұстаз" платформасының жанынан "1472" нөмірі бойынша іске қосылып отыр.
"Педагогтердің күнделікті жұмысында жедел шешуді қажет ететін түрлі сұрақтар және көптеген мәселелер бар. Олардың қатарында еңбек қатынастары мен еңбек жағдайын, жалақы мен қосымша төлемдердің есептелуі, әдістемелік қолдау, басшылар немесе ата-аналармен келіспеушіліктерге байланысты көптеген сұрақтар және осы сұрақтардың шешімі бар. Кейде педагогтер өтінішіне жауап алу үшін айлап күтуге, қайта-қайта сұрау салуға немесе түрлі мекемелерге жүгінуге мәжбүр болады", - дейді министр.
Ведомство басшысы министрлік осы тәртіпті өзгертуді алдына міндет етіп отырғанын айтты.
"Өтініштер педагогтердің құқықтары мен құпиялылық талаптарын сақтап отырып қабылданады. Осы және келесі аптада байланыс орталығы сынақ режимінде, техникалық режимде жұмыс жасайды. Осы уақыт ішінде өтініштерді қабылдау және қарау тәртібін тексеріп, анықталған техникалық ақауларды жедел түзететін боламыз", - деді Сүлейменова.
Орталық үш деңгей бойынша жұмыс істейді: ️
Қарапайым сұрақтарға 15 минут ішінде жауап беріледі.
Күрделі мәселелер бір жұмыс күнінде қаралады. ️
Ал басқа мемлекеттік органдардың көмегін қажет ететін мәселелерді шешуге бір айға дейін уақыт беріледі.