Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Кәрім Көкірекбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды

ҚР ТЖМ "Қазселденқорғау" ММ бұрынғы басшысы әрі Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаевты ауруына байланысты жазасын өтеуден босату туралы қаулының күші жойылды, деп хабарлайды paryz.kz.

Кәрім Көкірекбаев мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды
Фото: time.kz

Алматы облысы соттарының Telegram-дағы ресми арнасында хабарланғандай, қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіппен Алатау қалалық сотының сотталған азаматты ауыр науқастануына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы қаулысының заңдылығын тексерген.

"Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында бірінші сатыдағы соттың заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады. Атап айтқанда, сотталған адамның ауруының ауырлық дәрежесі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді. Істі қарау қорытындысы бойынша Алатау қаласы сотының қаулысының күші жойылып, ҚР ІІМ ҚАЖК "№57 мекеме" РММ-нің сотталған адамды жазадан босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартылды", - делінген сот таратқан хабарламада.

Сонымен қатар сот алқасы бірінші сатыдағы сот отырысына қатысқан прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты, сотталған адамды жазадан босату қажеттілігі туралы негізсіз қорытынды бергені үшін Алматы облысының прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің атына жеке қаулы шығарған.

Сондай-ақ жазасын өтеуге кедергі келтіретін аурудың бар екендігі туралы негізсіз қорытынды жасаған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атына жеке қаулы шығарылған. Жарнама Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы мен жекеше қаулы заңды күшіне енді.