Алматы тұрғындары әлеуметтік желіде Esentai City элиталық тұрғын үй кешенінде болды делінген жарылыс туралы ақпаратты бөлісіп жатыр. Қала әкімдігі оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды paryz.kz.
Оқиға 22 қазанда Медеу ауданындағы Қаппаров көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйде болған. Алматы қаласының әкімдігі бұл оқиғаны растады.
«22 қазанда Алматы қаласының Медеу ауданындағы Қаппаров көшесінде орналасқан үш қабатты тұрғын үйде газ-ауа қоспасының жарқылы орын алып, артынша жану болған жоқ. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұған табиғи газдың шығуы себеп болуы мүмкін. Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алды. Медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне жіберілді. Балаларды ауруханаға жатқызу қажет болған жоқ. Қазіргі уақытта жауапты қызметтер оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр», – деп хабарлады әкімдіктен.