Әлеуметтік желіде Қызылорда қаласында полиция қызметкерлері азаматшаны күлгені үшін жауапкершілікке тартқаны туралы бейнежазба тарады. Облыстық полиция департаменті ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Анықталғандай, оқиға түнгі сағат 1 шамасында болған.
- Қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлері терезесі ашық тұрған көлікке назар аударған. Көліктің ішінде музыка қатты ойнап, ондағы қыздар дауыстап айғайлаған. Осылайша түнгі уақытта тыныштық сақтамаған.
Полиция қызметкерлері автокөлікке жақындап, құжаттарды тексеріп, жүргізушіге өздерінің не себепті келгенін сабырмен түсіндірген. Қызметкерлер ауызша ескертумен шектеліп, кейін тұрғынды жіберген. Оған ешқандай айыппұл салынған жоқ және әкімшілік жауапкершілікке тартылмады.
Соған қарамастан азамат полиция қызметкерлерімен сөйлесу барысында эмоцияға беріліп, даусын көтерген және болған жағдайды бейнетаспаға түсірген. Кейін оқиғаны әлеуметтік желіде бұрмалап жариялаған, - делінген хабарламада.
Оқиғаның мән-жайы полиция қызметкерлерінің жетонына жазылған. Департамент бейнежазба тексеріліп, полиция қызметкерлерінің әрекетінен заңбұзушылық анықталмағанын атап өтті.