Прямая трансляция

Астана

Астана

33.48°C

Петропавлда екі бала терезеден құлап кетті

Петропавлда бірнеше күннің ішінде көпқабатты үйлердің терезесінен екі кішкентай бала құлап кетті, деп хабарлайды paryz.kz.

Петропавлда екі бала терезеден құлап кетті
Фото: istockphoto

Алғашқы оқиға 23 шілде күні Горький көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде болды.

Үшінші қабаттағы пәтердің терезесінен төрт жасар ұл бала құлап кеткен. Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, хирургтер оған күрделі ота жасады. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Екінші қайғылы оқиға Назарбаев көшесінде тіркелді. 

Бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен қыз бала құлап кеткен. Ол да облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер баланың бірнеше жерінен сүйек сынғанын анықтады. Қазіргі уақытта ол травматология және ортопедия бөлімшесінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы – орташа ауыр. Екі оқиға бойынша да тексеру жүргізіліп жатыр. 

«Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап, себептерін тексеруде және куәгерлерден жауап алуда. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады. Кәмелетке толмаған баланың мүддесін қорғау мақсатында және тексеру аяқталғанға дейін қосымша ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Мұндай қайғылы жағдайлар Петропавлда алғаш рет болып отырған жоқ. 16 мамыр күні екінші қабаттың терезесінен тоғыз жасар қыз құлап кетсе, сәуір айында биіктіктен құлау салдарынан тағы екі бала зардап шеккен болатын.