Абай облысындағы табиғи өрт кезінде полиция қызметкерлері өрт аймағына жақын орналасқан «DosbolLike» балалар лагерінен 190 бала мен 20 қызметкерді эвакуациялады.
Өрт туралы хабарлама түскен алғашқы минуттардан бастап полицейлер лагерьге жетіп, дереу эвакуациялауға кірісті. Дүрбелеңге жол бермеу үшін балаларды сабырмен және ұйымдасқан түрде сыртқа шығарды. Тәртіп сақшылары ең кішкентай балаларды қолдарына алып, жұбатып, қауіпсіз жерге жеткізді, - деп хабарлады Абай облысының ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет етуді жалғастыруда. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт болып жатқан жерге баратын жолдар жабылды.
Сондай-ақ өрт сөндіру, инженерлік және басқа да арнайы техникалардың кедергісіз өтуі қамтамасыз етілді.
Полицейлер шұғыл қызметтердің керуенін бастап жүріп, жол қозғалысын реттейді, қоғамдық тәртіпті күзетеді және тұрғындар қалдырып кеткен мүлікті қорғау шараларын жүзеге асыруда.
Жұмыс Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа да тартылған қызметтермен тығыз байланыста, тәулік бойы жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада. Сондай-ақ, Камышенка ауылынан 20 үйдің тұрғындары - барлығы 49 адам эвакуацияланды.