Байғанин ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды paryz.kz.
Өңір әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аудан орталығында қатты екпінді желден байланыс мұнарасы жеке орналасқан бірқабатты дүкеннің шатырына құлап, үш адам зардап шеккен. Олардың барлығына аудандық ауруханада қажетті медициналық көмек көрсетілген.
«Аймақ басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов Байғанин ауданына барды. Ол желден бүлінген дүкен аумағын бағамдап, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Авариялық бригада үздіксіз жұмыс істеп жатыр», - делінген хабарламада.
Бұдан кейін Ғалымжан Елеуовтің төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысы өткен.
Жиында қалыптасқан жағдай жан-жақты талқыланып, зақым келген нысандардың тізімін жасақтау, келтірілген шығынды бағалау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты мекемелердің іс-қимылын үйлестіру мәселелері қаралған.
Бүгінде барлық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен. Жағдай облыс әкімінің жеке бақылауында. Оның тапсырмасымен комиссия құрылып, шұғыл түрде ауылға жеттік.
Ең бастысы – адамдар дін аман. Зардап шеккен тұрғындарға заңға сәйкес, қажетті қолдау көрсетіледі, ешбірі көмексіз қалмайды. Біз табиғи апаттың салдарын жою жұмыстарына тез арада кірісуіміз керек, - деді облыс әкімінің орынбасары.