Прямая трансляция

Астана

Астана

29.18°C

Данияр Елеусіновтің ісі бойынша сот шешімі шықты

Бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты үш бірдей жол-көлік оқиғасы бойынша сот шешімі шықты. Боксшы 20 тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды paryz.kz.

Данияр Елеусіновтің ісі бойынша сот шешімі шықты
Фото: әлеуметтік желіден

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған (ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі). Сотта анықталғандай, спортшы алкогольдік масаң күйде автокөлікті басқарып, Астана қаласының көшелерімен автокөлікті басқарып келе жатып үш жол-көлік оқиғасын жасаған.

Жол-көлік оқиғаларының салдарынан көлік құралдарына механикалық зақым және материалдық шығын келген. 

"Құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Аталған қорытындыға сәйкес Е.-де алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған. Сонымен қатар кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталды", – делінген хабарламада. ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігі бойынша санкция 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуды және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруды көздейді. 

"Сот отырысында Е. өз кінәсін толық мойындады. Сот ӘҚБтК-нің 50-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік қамақты қолдануға кедергі келтіретін мән-жайларды анықтаған жоқ", - делінген хабарламада.

ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігінің санкциясы баламасыз болғандықтан, сот Елеусіновке 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындаған.