Бурабайда бойжеткен квадроциклды басқара алмай, аударылып кеткен. Алған жарақаттарынан Астананың 22 жастағы тұрғыны оқиға орнында көз жұмған.
Жол-көлік оқиғасы 7 шілдеде Зеленый Бор және Бурабай кенттерінің арасындағы автожол учаскесінде болды.
«Алған жарақаттарынан бойжеткен оқиға орнында мерт болды. Квадроциклдің жолаушысы - елорданың 2007 жылғы тұрғыны медициналық көмекке жүгінді», – деп хабарлады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі.
ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда. Соның ішінде квадроциклдерді жалға беру пунктінің қызметін, мототехниканы жалға беру кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын, сондай-ақ қайғылы жағдайға әкеп соқтырған басқа да ықтимал себептерді тексеріп жатыр.
Полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын квадроциклдер мен басқа да мототехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Сапарға шықпас бұрын көлік құралының саулығына көз жеткізу, қорғаныс құралдарын (экипировка) пайдалану, қауіпсіз жылдамдықтан асырмау және белгіленген талаптарды елеусіз қалдырмау қажет.