Прямая трансляция

Астана

Астана

23.92°C

«Курьер ана» Алматыдан көшіп кетті»: Министрлік әйелдің отбасынан кешірім сұрамайтынын мәлімдеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев Сенаттағы брифинг барысында министр Асқарбек Ертаевтың сәбиімен бірге курьер болып еңбек еткен әйелдің отбасы туралы мәліметті жариялауына қатысты айтылған сынға жауап берді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Курьер ана» Алматыдан көшіп кетті»: Министрлік әйелдің отбасынан кешірім сұрамайтынын мәлімдеді
Фото: видиодан скриншот

Журналистер жарияланған ақпараттың заңдылығы мен оның дербес деректер немесе банк құпиясына қатысы бар-жоғын сұрады.

Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, заң талаптары бұзылмаған және жеке мәліметтер ашық жарияланбаған.

«Меніңше, бұл жағдайда заңға қайшы әрекет болған жоқ. Ешқандай жеке деректер жария етілмеді», – деді ол.

Сондай-ақ БАҚ өкілдері айтылған мәліметтердің банк құпиясы санатына жатуы мүмкін екенін нақтылады.

Бұған жауап ретінде бірінші вице-министр нақты банк атауы немесе өзге де мәліметтер жарияланбағанын айтты.

«Біз оның қай банкте несиесі барын айтқан жоқпыз. Тек күйеуінің несиесі бар екені ғана айтылды», – деді Тұяқбаев.

Журналистер қоғамда бұл жағдайға байланысты жағымсыз пікірлер көбейгенін айтып, министрлік отбасыдан кешірім сұрау мүмкіндігін қарастырып жатқан-жатпағанын сұрады.

Вице-министр мұндай жоспар жоқ екенін жеткізді. Оның сөзінше, жарияланым шыққаннан кейін мемлекет атынан Алматы қаласының әлеуметтік қорғау басқармасы өкілдері отбасыға барып, олармен үйінде кездескен.

«Оларға жұмысқа орналасуға қатысты ұсыныстар берілді. Бірақ отбасы өз еркімен бас тартты. Кейін Алматыдан кетіп, бұрынғыдай ата-аналарымен бірге тұру үшін Шымкентке көшті», – деді ол.

Сондай-ақ бірінші вице-министр отбасының басқа қалаға көшу шешімі өз еріктерімен қабылданғанын атап өтті.