Алматы облысы Боралдай кентінде 19 адам сушидан уланып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды облыстық сантиралық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Олар "Алатау" базары аумағында орналасқан Sushi Time қоғамдық орнында тамақтанған. Оқиға туралы алғашқы хабарламалар түскен сәттен бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау мекемелері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.
"Қазіргі уақытта Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зертханалық сараптама жасау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, материалдар уәкілетті органдарға жолданды", - дейді департамент.
Оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталғанға дейін Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды. Нақты себептері зертханалық зерттеулер мен тексеру нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады.