5 мамыр күні таңертеңгі сағат 05:00 шамасында Қытайдың Қорғас қаласында жекеменшік уақытша сақтау қоймасында өрт шыққан. Бұл нысан тауарларды Қазақстанға жөнелту алдында қайта тиеу және дайындау үшін пайдаланылған.
Тілсіз жау тез тарап, қойма ғимаратын толығымен шарпыған. Сонымен қатар, Қазақстанға шығуға дайын тұрған тауар тиелген 17 жүк көлігі де өртеніп кетті. Шығынның нақты көлемі мен саны туралы соңғы деректер Қытай тарапы жүргізіп жатқан тексеру аяқталғаннан кейін жарияланады. Ең маңыздысы - өрт кезінде қойма ішінде ешкім болмаған, зардап шеккендер жоқ. Жетісу облысы Панфилов ауданының әкімдігі жүк Қазақстанға арналғанымен, оқиғаның Қытай аумағында болғанын, сондықтан тергеу және шешім қабылдау мәселелерімен Қытай тарапы айналысатынын түсіндірді. Панфилов ауданы әкімдігінің өкілдері атап өткендей, Қазақстанның құқық қорғау органдары өрт болған жерде тергеу жүргізе алмайды, бірақ Қытайдағы әріптестерімен байланыста отыр.
«Оқиға ҚХР аумағында болғандықтан, барлық тергеу амалдары мен қабылданатын шешімдер Қытай Халық Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Қазақстан тарапы Қорғас қаласының әкімдігімен, құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ шекара және кеден қызметтерімен тұрақты байланыста», - деп атап өтті әкімдіктен.
Сондай-ақ, билік өкілдері өртенген жүк пен көлік иелеріне өтемақы мәселесін ҚХР ережелері бойынша шешуге тура келетінін түсіндірді.
«Бұл осы елде қолданылатын сақтандыру және басқа да құқықтық рәсімдерге қатысты. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында шекара маңындағы аумақта өрт туралы жарияланым анықталды. Анықтау барысында, 2026 жылғы 4 мамырда Қытай Халық Республикасының шекарасына жақын аумақта өрт орын алған. Аталған оқиға бойынша «101» және «112» жедел қызметтерінің пультіне хабарламалар түспеген, себебі бұл аумақ Қытай Халық Республикасына тиесілі», - деп хабарлады Жетісу облысының ТЖД баспасөз қызметі.