Астанада ер адам әйелін тұрғын үй аумағында, арбадағы кішкентай баланың көз алдында ұрған.
Оқиға "Саржайлау" тұрғын үй кешені маңында болған. Оқиғаны сол маңда жүрген куәгерлер видеоға түсіріп алған. Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, қазір осы оқиғаға байланысты отбасылық-тұрмыстық жанжал дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны ұстап, бөлімшеге жеткізді. Анықталғандай, елордадағы тұрғын үйлердің бірінің маңында 34 жастағы ер адам жұбайына күш қолданған. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған жәбірленушімен байланысуға шектеу қоятын қорғау нұсқамасы шығарылды", – деп хабарлады полиция.