Алматыда дәрігерлер маңдайына қайшы қадалып қалған балаға көмек көрсетті, деп хабарлайды paryz.kz.
Денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, 2 жасар бала қайшыға құлап, ол оның маңдайына қадалып қалған. Оқиға бала үйінде жүргенде болған. Бала қайшымен жүгіріп жүріп, сүрініп құлаған сәтте өткір зат маңдай тұсына кіріп кеткен.
Жедел жәрдем бригадасы баланы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының қабылдау бөліміне жеткізді. Ол бірден жансақтау залына ауыстырылып, дәрігерлер жедел түрде қайшыны алып тастады. Осыдан кейін науқас жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.
Түскен кездегі жағдайы ауыр деп бағаланды. Балада әлсіздік, мазасыздық, құсу, терінің бозаруы және жарақат аймағында айқын ісіну байқалды. КТ нәтижелері бойынша өтпелі жарақат анықталды. Сол жақ маңдай сүйегінің көп жарықшақты, ішке қарай басылған сынуы, сүйек сынықтарының ми тініне енуі, пневмоцефалия, сондай-ақ қатар жүретін зақымданулар анықталған. Диагноз: бас сүйегі сүйектерінің, ми қабықтарының және ми затының зақымдануымен қатар жүретін ауыр ашық өтпелі бас-ми жарақаты, ми соғылуы. Қайшыны алу шамамен 10 минутқа созылды. Процедураны дәрігер Николай Кутырев орындады, - деп хабарлады Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Мамандар, бала алдағы уақытта тұрғылықты жері бойынша емханада невропатологтың бақылауында болатынын айтты.