Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысындағы Жаңатас теміржол стансасында болған ірі оқиға туралы ақпарат тараған еді. Мәліметке сәйкес, локомотивтер бетпе-бет соқтығысып қалған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Тараған ақпаратта стансадан шығып бара жатқан екі секциялы магистральдық 2ТЭ10М тепловозы "ҚТЖ"-ның маневрлік тепловозымен соқтығысқаны айтылған.
Маневрлік локомотив бес жүк вагонын, яғни дизель отыны тиелген цистерналарды әкеле келе жатқан. Оқиғаның ресми нұсқасын "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның мәліметінше, бұл жағдай маневрлік жұмыстар кезінде болған. 5 наурызда Жамбыл облысындағы Жаңатас стансасында маневрлік жұмыс барысында «Жаңатас Су-Жылу» КМК-ның кірме жолына мазут тиелген бес вагонды беру кезінде Жамбыл локомотив депосының маневрлік локомотив машинисі «КАП Логистик» ЖШС-нің жеке кірме жолындағы локомотивпен қатты соқтығысуға жол берген. Қаза тапқандар жоқ, – деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Компания мәліметінше, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Барлық мән-жайды анықтау үшін Жаңатас стансасына арнайы комиссия жіберілді.