Ресей азаматы басқарған Су-30 жойғыш ұшағы кеше 20 ақпанда Атырау халықаралық әуежайына апатты жағдайда қонды, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасаған paryz.kz.
Басылымның хабарлауынша, ұшақ 20 ақпанда таңғы сағат 9:40-та Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайға қонды.
Алдын ала ақпарат бойынша, ұшақты Башқұртстан Республикасы Белорецк қаласының 1986 жылғы тумасы, Ресей азаматы Дмитрий Нифантьев басқарған. Ұшақ Каспий теңізі үстінде әскери оқу-жаттығуларды орындауы керек болған. Ұшқыш адасып қалғандықтан, Атырау әуежайына апатты жағдайда қонған.
"Қону штаттық режимде өтті, жолаушыларға немесе әуежай жұмысына ешқандай қауіп төнбеді. Тұрақты рейстер кесте бойынша орындалды. Ұшақ аз уақытқа қонып, ұшқышқа медициналық көмек көрсетілді. Қажетті процедуралар орындалғаннан кейін ұшақ Қазақстан аумағынан шығып, Ресейге оралды", - деп жазды басылым.