Танымал әнші Маржан Арапбаеваның күйеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін он тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды paryz.kz.
Egovpress Telegram арнасы өз дереккөзіне сілтеме жасай отырып, Маржан Арапбаева мен оның жолдасы арасында болған жайт туралы жазба жариялаған.
"Дереккөзіміз 2026 жылғы қаңтарда түнгі уақытта Нұрмұхамбетов Ербол Тілепбекұлы есімді азамат қоғамдық орында бейәдеп сөз айтып, азаматтық некедегі жары - белгілі әнші Маржан Арапбаеваны шашын сүйрегенін хабарлады. Сот шешімімен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке қамалды. Негізінен шын мәнінде оның әрекеттері қылмыстық құқықбұзушылық ретінде саралануы мүмкін еді, бірақ сот әкімшілік шарамен шектеліпті", - делінген жарияланымда.
Бұл жарияланымға қатысты Астана қалалық полция департаменті өкілдері пікір білдірді.
"Қоғамдық орында бейәдеп сөз айтып, ұсақ бұзақылық жасау дерегі бойынша 43 жастағы елорда тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ азаматтық некедегі жарымен тұрғын үй ауласында болған жанжал кезінде оған қатысты физикалық күш көрсеткені анықталды.
Бұған қосымша ер адамға қатысты дене жарақаттарын салғаны үшін арыз тіркелген. Сот оны 10 тәулікке қамау туралы әкімшілік жазаға тартты. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - деп пікір білдірді ведомство өкілдері.