СҚО-да жеке тұрғын үйде өрт шығып, бір ер адам мен бала мерт болды. Тағы бір баланы іздеу жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ТЖМ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған paryz.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 11 қаңтарда кешкі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Майбалық ауылында орналасқан жеке тұрғын үйде өрт шыққан. 101 пультіне хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына өртке қарсы қызметтің бөлімшелері жедел түрде жіберілген. СҚО-дағы өрт Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан мамандар.
"Құтқарушылар оқиға орнына келген кезде тұрғын үйдің толықтай отқа оранып, толық қирағаны анықталды. Үй иесінің айтуынша, өрт болған сәтте үйде оның жұбайы мен кәмелетке толмаған екі бала болған. Өртті сөндіру және үйінділерді бөлшектеу барысында құтқарушылар ер адам мен кәмелетке толмаған бір баланың денесін тапты. Екіншісін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.
Өрт 64 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілген. Өртті сөндіруге ТЖД-ның жеке құрамынан 24 қызметкер мен 6 техника, сондай-ақ "Агрофирма" ЖШС-нің ерікті өртке қарсы құрылымы қатысқан.