Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында қайғылы жағдай болып, жұмысшы көз жұмды.
Қайғылы оқиға бүгін таңертең Ұлан ауданына қарасты Бозанбай ауылында болған.
Құрылыс жұмыстары кезінде трактор траншеяға аударылып, соның салдарынан жүргізуші қаза тапты. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 1980 жылы туған марқұмның артында бес баласы қалды.
Оқиға орнына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы және Ұлан ауданының әкімі жедел жеткен.
Өңір басшысы су құбыры желілерін салып жатқан "ТМ Тепломир" ЖШС-нің қызметіне қатысты жан-жақты және әділ тергеу жүргізуді тапсырды.
Еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, дейді әкімдіктегілер.
"Мұндай жағдайларға бей-жай қарауға болмайды. Болған оқиғаның нақты себептері анықталуы тиіс. Еңбек қауіпсіздігі – біздің сөзсіз басымдығымыз", – деді Нұрымбет Сақтағанов.