Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Павлодар облысында әйел жедел жәрдем көлігінде босанды

Павлодар облысында толғағы жеткен әйел жедел жәрдем көлігі ішінде босанды, деп хабарлайды Paryz.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облысында әйел жедел жәрдем көлігінде босанды
Фото: Pixabay

Басылымның мәліметінше, жедел жәрдем пультіне 5 тамыз күні сағат 10:23-те Павлодар облысы Баянауыл ауданынан қоңырау келіп түскен. Қоңырау шалғандар 32 жастағы жүкті әйелдің толғағы жиілеп, Павлодарға жолда келе жатқанын хабарлаған.

Оқиға орнына дереу жедел жәрдем тобы жіберіліп, небәрі 10 минут ішінде әйел реанимобильге орналастырылды. Алдын ала перзентханаға хабар берілгенімен, жол үстінде толғақ күшейіп, әйел босана бастайды. 

Сағат 10:55-те салмағы 2,9 келі, бойы 48 сантиметр болатын қыз бала дүние есігін ашты. Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, фельдшерлік бригада жылу тізбегін сақтап, ана мен сәбиді Ақсу қалалық ауруханасына аман-есен жеткізген. 

Перзентхана дәрігерлері "103" қызметінің жұмысынан ешқандай олқылық таппаған. Қазір ана мен нәрестенің жағдайы жақсы. Дәрігерлер олардың өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.